Ұлттық ұлан сарбазы әлемнің 7 тілінде еркін сөйлейді

205

Спорт пен тіл үйрену – оның өмір салтының ажырамас бөлігі.

Ұлттық ұлан сарбазы әлемнің 7 тілінде еркін сөйлейді Фото: Ұлттық ұлан

Тараз қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы Бахтиярхан Тұрсынходжаев жеті тілді меңгерген. Қала ішінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында ол азаматтармен қазақ, өзбек, әзірбайжан, орыс, түрік, ағылшын және француз тілдерінде еркін тіл табысады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бахтиярхан француз тілін әкесімен бірге Францияда болған кезінде меңгерген. Ол жерде архитектура бағыты бойынша білім алған. Шетелде қалыптастырған тілдік дағдылары оған қызмет барысында азаматтармен тиімді байланыс орнатуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін сапалы орындауға көмектесіп жүр.

Отбасының үлкені – Бахтиярхан 22 жаста. Ол артынан ерген інілері мен қарындасына үлгі болып келеді. Жауапкершілік, тәртіп пен өзін-өзі дамытуға деген ұмтылыс – оның өмірлік ұстанымы. Айта кетерлігі, қарындасы да шет тілдеріне қызығып, бес тілді меңгерген. Бұл отбасыда әкенің "Тіл білген адам өмірде өз жолын табады" деген тәлімі нақты нәтижесін беріп отыр.

Қатардағы Тұрсынходжаевтың айтуынша, бір тілді меңгеру үшін оған орта есеппен екі-үш ай уақыт қажет. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрсе де, ол оқуын тоқтатпайды. Әскери бөлімнің командирлері де сарбаздың ізденісін қолдап, қажетті шетелдік әдебиеттерді табуға көмектеседі.

Бахтиярханның жетістіктері тек тіл білімімен шектелмейді. Ол ушу-саньда спортынан спорт шебері, Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері. 

Бос уақытында Бахтиярхан қарулас достарына шағын тіл үйрену сабақтарын өткізіп, өз білімімен бөліседі. Бұл ол үшін басқа тілде ауызекі сөйлеу деңгейін жетілдіруге мүмкіндік болса, енді бірі үшін жаңа тілді меңгеруге жасалған алғашқы қадам.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу