Мәжіліс "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты депутат Еділ Жаңбыршин таныстырды.
"Бүгінгі күні геологиялық барлау саласы ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігінің өзегіне айналып отыр. Қазақстанның қазіргі мұнай-газ өндіру көлемі негізінен үш ірі кен орнына – Теңіз, Қашаған және Қарашығанаққа тәуелді. Ал өзге кен орындарының қоры сарқылу кезеңіне жақындап қалды. Сондықтан жаңа мұнай мен газ қорларын анықтау – бұл тек энергетикалық емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық егемендік мәселесі", – деді мәжілісмен.
Еділ Жаңбыршин уран саласына жеке тоқталды.
"Әлемдік экономикада уранның маңызы артып келеді. Көптеген елдер атом энергетикасын қайта дамыта бастады. Сондықтан уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беру – стратегиялық шешім. Бұл елдің энергетикалық теңгерімін сақтауға және атом энергетикасы саласында өз үлесімізді арттыруға бағытталған нақты қадам", – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, заң жобасын қабылдау арқылы бірқатар нәтижелерге қол жеткізуге болады.
"1 млрд доллар көлемінде жаңа инвестиция тарту, аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашу және жаңа геологиялық ақпарат алу, көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату. Сонымен қатар геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқартып, ресурстарды өнеркәсіптік айналымға тез енгізу, уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығын беру де көзделген", – деді Еділ Жаңбыршин.