Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері 0,2 пайызға нығайды

942

Ұлттық валюта бағамы сыртқы және ішкі факторлар әсерінен қалыптасты.

Ұлттық валюта бағамы жыл басынан бері 0,2 пайызға нығайды

Бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылғы І жартыжылдықтың қорытындылары бойынша инфляцияның биылғы жылғы 4-6% нысаналы дәлізде сақталып, жылдық көрсетуде 5,4% деңгейде қалыптасқанын атап өтті.

Базалық ставка 9,25%-дан 9,00%-ға дейін төмендетілді.

"Ұлттық валюта бағамы сыртқы және ішкі факторлар әсерінен қалыптасты және жыл басынан бері 0,2%-ға нығайды. Елдің төлем балансы экспорттық өнімге тұрақты сұраныс аясында жақсаруын жалғастыруда. Осы жылғы І тоқсанда ағымдағы операциялар шоты профицитпен қалыптасып, 0,4 млрд долларды құрады", – деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банктің басшысы жалпы алтынвалюта резервтері Ұлттық банктегі клиенттердің валюталық шоттарындағы қалдықтардың азаюы себебінен жыл басынан бері 28,2 млрд долларға дейін төмендегенін айтты.

Алтынвалюта резервтерінің деңгейі тауарлар мен қызметтер импортының 7 айынан асады. Ұлттық қордың активтері 58,2 млрд доллар болды, ал жалпы халықаралық резервтер – 86,4 млрд долларды құрады.

"Биылғы жылғы І тоқсанда кредит портфелі банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды 624 млрд теңге сомаға 12,5 трлн теңгеге дейін есептен шығаруы нәтижесінде төмендеген соң, сәуір-мамырда кредиттік белсенділік қалпына келуі байқалады", – деп түсіндірді Досаев.

Оның айтуы бойынша, банк секторының жалпы кредит портфелі биылғы жылғы сәуір-мамырда 2,2%-ға ұлғайып, 12,8 трлн теңгеге дейін өсті. Ал қаңтар-мамыр аралығында банктер өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда барлығы 14,2%-ға көп жаңа кредит берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу