Бас банкир сәуір айында бейрезиденттер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарындағы позициясын 248 млн долларға қысқартқанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ерболат Досаевтың мәлімдеуінше, пандемияның салдарынан әлемде теріс тәуекел қалыптасқан. Бұл дамушы нарыққа кері әсер етіп жатыр.
"Ұлттық валютамызға қысым көрсету жалғасып жатыр. Сәуірде бейрезиденттер инвестицияларын қысқартты. Сыртқы нарықтағы құбылмалық теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 429,02 теңгеге дейін, яғни 1%-ға әлсіретті", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, шетел капиталының дамушы елдерден жылыстауы
және мұнай бағасының құбылуы теңгенің айырбас бағамын теңселтіп тұр.
"11 мамырдағы жағдай бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 427,22 теңге деңгейінде қалыптасты", – деді Ерболат Досаев.
Қанат Махамбет