Еліміздің Ұлттық ядролық орталығы термоядролық энергетика саласы бойынша маманданған халықаралық ITER ұйымымен келісімшартқа отырды. Енді Курчатовта "Токамак ITER" құрылысын бастау үшін көптеген жаңа жобалар ашылмақ, деп хабарлайды egemen.kz.
"Бізге болашақта "Токамак ҚТМ-ны" қолданушылардың халықаралық коалициясын құру жөнінде ұсыныс түсті. Ал орталықтың халықаралық ITER ұйымымен жасалған термоядролық энергетика келісімшарты аясында жаңа токамактар салу құрылысы қолға алынбақ. Бірақ олардың Курчатовтағы алғашқы материалтану "Токамак ҚТМ-нан" айырмашылығы жер мен көктей. Өйткені оның маңызы, әлеуеті дүние жүзі бойынша өте күшті термоядролық қабілетке ие. Токамак – адамзат игілігі үшін қолға алынған жоба. Оның бейбіт атомды насихаттауда маңызы зор. 2016 жылы жоба құрылысын жүзеге асыруға бюджеттен бөлінген қаражат жұмыстың тоқтап қалмай, сәтті аяқталуына мүмкіндік берді. Жобаның аяқталуы, іске қосылуы Астанада ашылған ЭКСПО-2017 көрмесіне тұспа-тұс келіп ел мәртебесін тағы бір асқақтатты. Бұл ауқымды істің бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың тұрғанын ерекше атап өткім келеді", - дейді Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков.