Ұлттық ядролық орталық өкілдері Кадараш ғылыми-зерттеу орталығында болды

1509

Ұлттық ядролық орталық өкілдері Кадараш ғылыми-зерттеу орталығында болды

Француздық шапшаң нейтрондардағы ASTRID реакторының жобасына қолдау көрсетуде SAIGA бағдарламасы бойынша эксперименттік зерттеулер аясындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Бас директор Э.Батырбеков бастаған еліміздің Ұлттық ядролық орталық кәсіпорны өкілдері Комиссариаттың ядролық энергетика дивизионының басшысы Francois Gauche  мырзамен және орталықтың директоры Christian Bonnet мырзамен кездесуі барысында ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Францияның Атом энергиясы және балама энергия көздері жөніндегі комиссариаты (CEA) арасындағы атом  энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелері жөніндегі табысты ынтымақтастық талқыланды. Кездесу Францияның Атом энергиясы және балама энергия көздері жөніндегі комиссариатының Кадараш ғылыми-зерттеу орталығында өткізілді.

Кездесу барысында тараптар француздық шапшаң нейтрондардағы ASTRID реакторының жобасына қолдау көрсетудегі SAIGA бағдарламасы бойынша эксперименттік зерттеулер аясындағы қазіргі ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өтті. Бағдарламаның негізгі кезеңі – реакторлық эксперименттер сериясын жүргізуді жүзеге асыруға арналған шартты дайындау барысы талқыланды.

Комиссариат басшылығымен кездесу барысында ҚР ҰЯО РМК-ның эксперименттік базасын пайдалану арқылы ядролық реакторлардың ауыр апаттарын зерттеу саласындағы ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі туралы пікірлер айтылды. Тараптар қолда бар уағдаластықты жүзеге асырумен қатар, қосымша реакторлық және реакторлық емес эксперименттер жүргізу мүмкіндігін талқылау туралы келісті. CEA және ҚР ҰЯО РМК арасындағы қазіргі және перспективалық қызмет бағыттары жөніндегі ынтымақтастық меморандумын дайындау туралы шешім қабылданды. 

Кездесу соңында Э.Ғ. Батырбеков Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Б.М. Жақсалиевтің Astana EXPO-2017 көрмесінің аясында өтетін Инженерлер мен ғалымдардың дүниежүзілік конгресіне қатысуға арналған шақыруын Gauche мырзаға табыс етті.

Сондай-ақ француздық әріптестер ҚР ҰЯО РМК құрылуының 25 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға да шақырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу