Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев халықты жұмыспен қамту шараларына тоқталды, деп жазады inbusiness.kz министрлікке сілтеме жасап.
"10 ұлттық жобаны іске асыру аясында 230 мың жұмыспен қамтылды. Оның ішінде құрылған жұмыс орындарына 47,1 мың, субсидияланатын жұмыс орындарына 161,5 мың адам орналасса, ал 21,4 мың адам грант алды. Бұдан бөлек 273,5 мың адам бос жұмыс орындары есебінен еңбекпен қамтылды. Мемлекет басшысының 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын құру жөніндегі бастамасын іске асыру шеңберінде 261,3 мың адам жұмыспен қамтылған", - деді ведомство өкілі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сонымен қатар 184,9 мың жұмыс орны кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде құрылғанын атап өтті.
"Әлеуметтік жұмыс орындарына – 14 мың, жастар практикасына – 27,2 мың, қоғамдық жұмыстарға – 113,5 мың, "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобаларына – 4,1 мың, "Күміс жас" жобасына – 2,5 мың адам қатысты", – деді вице-министр.
161,5 мың азамат субсидияланатын жұмыс орнымен қамтылды. Олардың 36%-ын жастар құрайды.