Алматыда ұлттық спорт түрлерінен "Ұлы дала ойындары" республикалық фестивалі мәресіне жетті, деп хабарлайды 24.kz.
Жарысқа еліміздің 14 облысы, Астана мен Алматы қаласынан 600-ге жуық спортшы қатысты. Құлагер ықшамауданындағы ипподромға көрермен көп жиналды.
"Ұлы дала ойындары" фестивалі биыл екінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар жылдан-жылға көрерменнің қатары көбейіп келе жатқанын айтады. Еліміздің әр өңірінен келген спортшылар жарыстың 12 түрінен бақ сынады. Жігіттер теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ және көкпарда өзара мықтыларды анықтады. Биыл фестивальдің жүлде қоры 24 млн теңгеге жетіп отыр.
Алматы ипподромындағы жарыс мұнымен аяқталмайды. Жыл соңына дейін жүлде қоры 80 млн теңге болатын 89 бәйге өтеді. Фестивальдің негізгі ойындарымен қатар қонақтар қолөнер жәрмеңкесін тамашалап, асық ату, қошқар көтеру секілді спорт түрлерінен жарысты.