Алматы облысы Қапшағай қаласының маңында Қасым ханның өмірі, хандық билігін баяндайтын фильмінің ең күрделі әрі шешуші сахналардың бірі түсірілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Түсірілімдер ойдағыдай жүріп жатыр, жұмыстың жартысы аяқталды. Бүгін түсірілімнің 41-ші күні, біз шешуші әрі қиын сахналардың бірін түсіреміз. Түсірілімге 300-ге жуық адам қатысады – 56 каскадер, 200-ден астам шабандоз бар. Жұмыс жоспар бойынша жүруде", – деді Ақан Сатаев.
Сондай-ақ, режиссер шілде айының басында Алматы облысы Кеген ауылының маңында Қасым хан ауылының көшін түсіретінін, ал кейін түсіру жұмыстары Іле өзенінің бойында осы фильмге бейімделген "Түркістан" декорациясында жалғасатынын хабарлады.
Аталған тарихи фильм Қасым ханның өмірі, хандық билігі мен Қазақ хандығының гүлденіп, нығаюы жолындағы күресі туралы баяндайды. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсіріп жатыр.
Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да түсірілім алаңына барып қайтты.
Журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтаған министр тарихи кинотуындының шығармашылық тобымен де әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
"Түсірілім алаңында бар күшін салып жұмыс жасап жатқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіріп, сіздерге артып отырған үмітіміз зор екенін жеткізгім келеді. Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін", – деді Ақтоты Райымқұлова.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы кинотуындының түсірілімі биыл ақпан айының соңында Алматы облысы Көктал кентінің маңында басталды.