"Ұлы дала жорығы": Астана мен Алматы облысының шабандоздары жарыс жолынан шығып қалды

834

Кеше шабандоздар алғашқы 100 шақырым межені Қорғалжын ауылында аяқтап, марафонның бірінші күнін қортындылады. Маңғыстау облысының шабандоздары алда.

"Ұлы дала жорығы": Астана мен Алматы облысының шабандоздары жарыс жолынан шығып қалды

Алғашқы үздік үштіктің қатарында топ жарған Маңғыстау облысының шабандоздары мәреге 7 сағат 31 минутта жетсе, бір минут айырмашылықпен Батыс Қазақстан облысының шабандоздары 7 сағат 32 минутта мәре сызығын кесіп өтті. Ал Шымкент қаласының шабандоздары белгіленген межені 7 сағат 59 минут жүріп өтіп, үшінші орыннан көрінді, деп хабарлайды inbusiness.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

100 шақырымдық қашықтықта Астана қаласы мен Алматы облысының шабандоздары аттары жарамағандықтан жарыс жолынан шығып қалды. Одан бөлек, Ақмола облысы командасынан екі ат, Павлодар облысы жүйріктерінен бір ат межеге жете алмады.

Алғашқы күні шабандоздар шатырын тіккен маңай Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Бытығай қалашығы аталады. Ескіден жеткен аңыздарда Бытығай кесенесі тұрған орында хандар аялдайтын керуен сарай болған деседі. Аламан бәйгеге шыққан тұлпарлардың дүбірлі жарысы көзін көрген ескі жұрттың сәл-салтанатын асырды.

Төреші Жанбатыр Бекмұсаев алғашқы күн қортындысы бойынша, мәреге 17 команда келіп жеткенін атап өтті.

"Кеше уақытты ұтымды пайдаланған Маңғыстау облысы бүгін танертең бірінші боп аттанды. БҚО командасы бір минут айырмашылықпен келе жатыр. Шабандоздар ертеңгі 50 шақырымды байыппен бастап жатыр. Бір күндік меже 12 сағат деп белгіленген, 100 шақырымды командалардың алды 7 сағатта, ең соңы 9 сағат 41 минутта өтті. Өйткені аттарды сақтау керек, Жезқазғанға дейін 400 шақырым бар", – деді төреші Жанбатыр Бекмұсаев.

Төрешінің айтуынша, шабандоздар Ұлытауға жеткен соң екінші ат ауысып мінуге тиіс. Ветеринарлық бақылаудан өтіп, ат ауыспас үшін арнайы чип орнатылады.

"Бұл атты ауыстырмас үшін керек. Шабандоздардың артынан ілесіп төрешілер бақылап келеді. Ветеринар бақылауы әр 50 шақырым сайын қатаң тексеріледі", – деп түсіндірді ол.

Маңғыстау облысынан келген команда мүшесі Батырбек Қамысбаев адай жылқысын ерекше мақтап, мініске шыдамды деп отыр.

"1 200 шақырымды еңсеруге тек адай жылқысы төтеп бере алады. Аламан бәйге жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің анау айтқандай айла-тәсіліміз жоқ, жылқының мықтылығына байланысты 1-кезеңде алға шықтық. Адай тұқымдас жылқылардың бойы аласа, сүйегі жеңіл болады. Ұзақ жерге жарамдысы осы. Жезқазғанға да осы адай жылқысын жөнелткенбіз. Айтпақшы, мәреге жеткен соң аттарды бірден суаруға болмайды. Жем-шөбіне ерекше мән береміз. Маңғыстаудан жоңышқа алдырттық. Тек соны жейді. Әрине, даланың шөбін де жей береді ғой, бірақ жоңышқа сіңімді болады", – дейді Маңғыстау облысының шабандозы Батырбек Қамысбаев.

Тарихшы Амангелді Аужанов марафоншылар орналасқан бивакқа арнайы сәлем бере келіп, Нұра өзенінің жағасында орналасқан Бытығай кесенесімен таныстырып, тарихынан сыр шертті.

"Бытығай кесенесі – Қорғалжын ауылынан 2 шақырым қашықта орналасқан Алтын Орда дәуірінің сәулет ескерткіші. Бұл жерде жалпы орта ғасырларда тек кесене емес, қала болған деп те айтады. Бұл кесененің тарихи аспектілеріне қатысты талас көп. Жалпы қазір кесене дейді. Бірақ оған негіз жоқ. Археологиялық жұмыстар жүргізілген кезде сүйек табылмаған. Жергілікті тұрғындар кесене деп атамайды. Ғимарат кірпіштері тоғызыншы ғасырға тән. Менің ойымша, Қорғалжынды Түркістан сияқты тарихи қалаға айналдыру керек. Әлі де зерттеуді қажет ететін нысандар жетерлік", – дейді тарихшы.

Сонымен бүгін таңертең шабандоздар Ақмола облысы Қорғалжын ауылынан аттанып, келесі 50 шақырымдық бақылау бекеті – Қарағанды облысы аумағындағы Құланөтпес жазығына бет алды.

Айта кетерлігі, "Ұлы дала жорығы" қатысушылары ұйымдастырушылар тарапынан "бивак" деп аталатын шатырлы қалашықта түнеп, күніне үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу