"Ұлы қабырға" қазақ-қытай бұрғылау компаниясы есеп берді

2196

"ҚҚБК" ЖШС бас директорының орынбасары Ся Чжиминь жұмысшылардың жалақысын көтеруге қатысты жауабын кейінге қалдырды.

"Ұлы қабырға" қазақ-қытай бұрғылау компаниясы есеп берді

"Ұлы қабырға" қазақ-қытай бұрғылау компаниясы" кеңсесінде 2018 жылы ұжымдық шарттың орындалуы туралы есеп тыңдалды, деп хабарлайды "Ақтөбе газеті".

"ҚҚБК"  ЖШС бас  директорының орынбасары Ся Чжиминь өз баяндама жасады.

"1999 жылдың соңынан Ақтөбе облысының кеніштерінде бұрғылау, мұнай-газ  ұңғыларын жөндеп,  көлік тасымалдау қызметін көрсететін компанияның 9 бөлімі, 12 бұрғылау бригадасы бар. 2018 жылы компания қызметкерлері  саны – 920 адам. Орташа жалақы – 204 мың теңге. 2017 жылы 31 ұңғы (жұмыстың орындалу көлемі – 15 миллиард 900 миллион теңге), 2018 жылы 29 ұңғы  (жұмыстың орындалу көлемі – 17 миллиард  900 миллион теңге) қазылды. Компания бойынша орта жалақы 2017 жылы – 173 мың теңге, ал 2018 жылы 204 мың теңгені құрады. Негізгі тапсырыс беруші "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ былтыр барлық еншілес компанияларына 48 ұңғы бұрғылауға тапсырыс берді. Оның 20 ұңғысын "Ұлы қабырға" бұрғылады", – деді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов еңбекақыны көтерудің нақты мерзімін сұрап еді, оған  Ся Чжиминь: "Мұнай бағасы төмен болған соң "СНПС-Ақтөбемұнайгаздың" инвестициялық сомасы да  өзгеріп отырады. Әзір ештеңе айта алмаймыз, жауабын бір айдан соң береміз", – деді.

Алайда Қайрат Бекенов бұған қанағаттанған жоқ.

"Сіздердің жұмысыңыз  тікелей  мұнай қазуға байланысты емес, сіздер, сервистік компаниясыздар. Бұл жерде алынған жұмыс көлемі мен салынған инвестицияға назар аударамыз.  "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ еншілес компанияларына  2017 жылы 90 миллард теңге, 2018 жылы 100 миллиард теңге инвестиция салған. Яғни жылма-жыл инвестиция көлемі артып отыр. Сондықтан әңгіме мұнай бағасының көтеріліп-түсуінде емес, жалақыны өсіруге байланысты толық жауабыңызды екі жұмыс аптасының ішінде  күтеміз. Ескертіп кетейін,  биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасымен барлық компаниялардың экономикалық қызметіне талдау жүргізіледі", – деді ол.

Есеп соңында  Ақтөбе облысының әкімдігі, кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі және "Ұлы қабырға" ҚҚБК арасында үш жақты меморандумға  қол қойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу