"Улы қалдықтарды жою үшін арнайы лицензиясы жоқ"

1209

Маңғыстау соты тендер жеңімпазының өтірігін әшкереледі.  

"Улы қалдықтарды жою үшін арнайы лицензиясы жоқ"

Маңғыстаудағы "Қошқар ата" радиоактивті қалдықтар қоймасын зарарсыздандырудың бірінші кезеңін жүргізуге тендер ұтып алған фирманың ол үшін арнайы лицензиясы жоқ болып шықты. Белгілі болғандай, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен мемлекеттік сатып алу байқауы жөнінде 2019 жылдың 26 желтоқсанында веб-порталда жарияланады. Биылғы 14 ақпан күні байқау нәтижесінде "Павлодар теңіз порты" АҚ жеңімпаз деп табылған. Ол бастапқы кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстарын 13 млрд. 314 млн.846 мың теңгеге жүргізбек болады. Бұл қаражатқа 4 мың га жерге құм төселіп, технологиялық жолдар салынып, басқа да қажетті жұмысты жасалуы тиіс еді.

Алайда, тендерге қатысқан алты компанияның ішінен екінші орын алған "Каспиан Контракторс Траст" ЖШС конкурс қорытындысымен келіспей, сотқа жүгінген. Шағымды қараған сот алқасы "Павлодар теңіз портының" радиоактивті қалдықтармен жұмыс жасауға арналған лицензиясы жоғын анықтайды. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен "Павлодар теңіз порты" АҚ арасындағы келісім-шарт заңсыз деп танылды.

"Жобамен айналысатын мемлекеттік сараптау қорытындысына сәйкес, радиоактивтік қалдықтар көлемі 11,2 мың Кюри радиактивтілікпен 51,8 млн.тонна құрайды. Құрамы бойынша қалдықтар шығу тегі U (238) болып табылатын аса улы Ra (226), Th (230), Рв (210) уран радий қатарына жатқызылады", - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен. Осындай жағдайда арнайы құжатсыз жұмыс істеу қоршаған ортаға ғана емес, мекеме қызметкерлері мен жергілікті тұрғындардың да өмірі мен денсаулығына орасан зиян келтіретін көрінеді.

Құралай Қуатова                            

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу