2018 жылдың 1 мамырынан бастап 31 желтоқсанына дейін "Жеңіс" республикалық әлеуметтік және қайырымдылық жобасының аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қазақстан бойынша және ТМД аумағында тегін сапарлай алады, деп хабарлайды temirzholy.kz.
"Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры "Жолаушылар тасымалы" АҚ-мен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теміржол көлігінің қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы акцияның басталғанын хабарлайды.
Акцияның шарттарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдеріндегі "Жолаушылар тасымалы" АҚ жүзеге асыратын барлық бағыттар бойынша жол жүруге мүмкіндік алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне барлық санаттағы поездардың купе вагондарында, соның ішінде "Туристік" класс вагондарында және "Talgo" поездарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған купелерден орын бөлінеді.
Бұдан бөлек, "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына жол жүру барысында тегін тамақтану қамтамасыз етіледі.
Аталмыш акция бойынша билеттер алу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және Ұлы Отан соғысының мүгедегінің немесе қатысушысының куәлігі болуы керек.
ТМД елдеріне бару үшін тағайындалған станцияға дейін және кері қайту сапар құжаттары (билеттер) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда нүктелерінде рәсімделеді.
Соңғы 3 жылдың ішінде дәстүрлі іс-шараға айналған теміржол көлігімен тегін жол жүруді 800 астам адам пайдаланған.