Павлодар облысында майдан даласында ерлік танытып, бүгінде ғасырға жуық ғұмыр жасаған алдыңғы буын өкілдеріне бірреттік төлем қарастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Соған сәйкес, Жеңіс күні қарсаңында майдангерлердің әрқайсысына 2 млн теңге мен азық-түлік жиынтығы үлестірілмек. Айта кетейік, өңірде көзі тірі 12 ардагер мен Ұлы Отан соғысының бір мүгедегі бар. Олардың жетеуі облыс орталығында, тағы бесеуі Екібастұз, Ақсу қалалары мен Ертіс, Павлодар және Баянауыл аудандарында тұрады.
"Тыл еңбеккерлері, Ленинград қоршауында қалған азаматтар мен басқа да бірнеше санат өкілдері де назардан тыс қалмайды. Оларға 30-100 мың теңге көлемінде бірреттік материалдық төлем беріледі", - деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Балтабай Қаппасов.
Сонымен қатар, өңірдің 1343 тұрғынының әрқайсысына 150 мың теңгеден аударылмақ. Олардың қатарында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтар, ауған соғысы ардагерлері, Таулы Қарабақтағы қақтығыс қатысушылары бар.
Жалпы, мамыр айындағы мерекелерге орай облыстың 4 мыңнан астам тұрғынына материалдық көмек көрсетілмек.