Ұлы Отан соғысының 46 ардагері баспана кезегінде тұрғаны рас па?

306

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті әкімдіктер берген деректерге қатысты түсінік берді. 

Ұлы Отан соғысының 46 ардагері баспана кезегінде тұрғаны рас па? Фото: freepik

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 46 ардагері тұрғын үйге мұқтаж. Мұндай деректерді орталық мемлекеттік органға әкімдіктер ұсынған. Елімізде бар болғаны 200-ден аса ҰОС ардагері бар екенін ескерсек, бұл үлкен көрсеткіш. Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында ардагерлер әлі де баспанамен қамтамасыз етілмеген бе? Бұл мәліметтердің анық-қанығын айқындау мақсатында inbusiness.kz тілшісі баспанаға мұқтаж ардагерлердің ең көп саны көрсетілген облыстардың әкімдіктеріне жүгінді.

Атап айтқанда, Ақмола, Алматы және Қостанай облыстары.

Мемлекеттік органдармен ұзақ уақыт хат алмасудан кейін бұл сандардың ҰОС ардагерлеріне қатысты еместігін анықтадық. Тізімге шет мемлекеттердегі ұрыс қимылдарына қатысқандар, интернационалист-жауынгерлер мен Чернобыль АЭС-ындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар қате енгізілген.

Мәселен, Ақмола облысында "Ұлы Отан соғысының ардагерлері" санатыда мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте 13 азамат тұр: Ерейментау ауданы мен Қорғалжын аудандарында – 2 адамнан, Ақкөл ауданында – 9 адам.

Жергілікті әкімдіктің түсіндірмесіне сәйкес, аталмыш азаматтар басқа мемлекет аумағында, яғни Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылар ретінде "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" 1995 жылғы 28 сәуірдегі № 2247 ҚР Заңы негізінде Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестіріліп, тұрғын үйге мұқтаж адамдардың есебіне қойылған.

"Егер олар Қазақстан Республикасының Тұрғын үй заңнамасына сәйкес баспанаға мұқтаж деп танылған және осыған дейін бірінші кезекте пәтер алу құқығын пайдаланбаған жағдайда, осы заңның 11-бабының 1-тармағы, 14-бабының негізінде жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша соғысқа қатысушыларға теңестірілген адамдарға, әлеуметтік қорғау шаралары ретінде жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. 06.05.2020 жылғы № 322-VI "Ардагерлер туралы" ҚР Заңының енгізілуімен бұл заңның күші жойылды. Онда 11-баптың 3-тармағына басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдары ардагерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ретінде ҚР тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдармен тұрғын үймен қамтамасыз ету белгіленетіні туралы айтылған. Ақмола облысында тұрғын үйге мұқтаж Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ", - деп хабарлады мемлекеттік орган. 

Алматы облысында "Ұлы Отан соғысының ардагерлері" санаты бойынша баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың есебінде Алматы облысының Қарасай ауданында тіркелген 10 адам тұр. 

"Бұл санаттағы барлық 10 азамат қате қойылған (санатқа сәйкес келмеуі). Бүгінде "ҰОС ардагерлері" санатынан "халықтың әлеуметтік осал топтары" санатына, "басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері" кіші санатына ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп түсіндірді облыс әкімдігі.

Қостанай облысында да "ҰОС ардагерлері" санаты бойынша 5 азамат тұрғын үй кезегіне қате қойылған. Бұл 1956 жылы туған, Ауған соғысына қатысушы Марс Г. (Қамысты ауданы); Чернобыль АЭС-ындағы апаттың салдарын жоюға қатысушылар – 1950 жылы туған Алтай М. (Рудный) және 1957 жылы туған Анатолий З. (Рудный); интернационалист-жауынгер 1967 жылы туған Юрий Ф. (Рудный); ҰОС ардагерлеріне теңестірілген, 1968 жылы туған Арыстанбек К. (Рудный). 

Қостанай облысы әкімдігінің дерегінше, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана мемлекеттік мекеменің тұрғын үй комиссиясының тұрғын үй беру туралы шешімі мен тұрғын үйді жалдау шарты негізінде беріледі. Жоғарыда аталған кезекте тұрғандардың төртеуіне тұрғын үй берілді. Марс Г. жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, биылғы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін баспанамен қамтамасыз етіледі. Қалалар мен аудандардың жергілікті әкімдіктері баспана бергеннен соң, "ҰОС ардагерлері" санатындағы тұрғын үй кезегінде тұрғандарды алу бойынша Kezekte.kz жүйесінде жұмыс жүргізбек.

Қалған өңірде "ҰОС ардагерлері" санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаж 1-3 адам көрсетілген, олар да қате енгізілуі мүмкін. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, тұрғын үйге мұқтаж Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу