Ұлыбритания билігі заңды мигранттарға қойылатын ережелерді күшейтеді

90

Қазіргі таңда тиісті түзетулер пысықталып жатыр.

Ұлыбритания билігі заңды мигранттарға қойылатын ережелерді күшейтеді Фото: 24.kg

Ұлыбританияда заңды мигранттар тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін бұл елде кемі 10 жыл тұруы қажет. Қазіргі таңда тиісті өзгерістер пысықталып жатыр. Бұл туралы Ұлыбританияның ІІМ басшысы Шабана Махмуд айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

"Соңғы жылдардағы көші-қон деңгейінің нәтижесінде 2026-2030 жылдар аралығында 1,6 млн адам тұрақты тұруға өтініш бере алады деген болжам бар. Оның ішінде 2028 жылы бұл көрсеткіш 450 мың адам болуы мүмкін. Бұл соңғы жылдардағы орташа деңгейден төрт есе көп. Енді бұл өзгереді", – деді министр.

Себебі елдің үкіметі тұруға рұқсат алушыларға қатысты жаңа талаптарды енгізуді көздеп отыр. Олар істі болмауы керек, ағылшын тілін жетік меңгеріп, ұлттық сақтандыру жүйесіне тұрақты түрде жарна төлеп отыруы және мойнында қарызы болмауы тиіс.

Үміткерлердің осы талаптарға сәйкестігіне қарай 10 жылдық мерзім қысқаруы мүмкін. Мәселен, салықты жоғары мөлшерлеме бойынша төлейтіндер үшін бұл мерзім үш жылға дейін азаюы мүмкін, сол сияқты жаһандық дарындылар бағдарламасы аясында өтініш беретіндер үшін де қысқарады. Үміткерлер қайырымдылық ұйымдарында жұмыс істесе, бұл артықшылық болып есептеледі. Егер мемлекеттік жәрдемақы алатын болса, бұл теріс фактор болып саналады. Себебі мұндай жағдайда өтінішті қарау мерзімі ондаған жылдарға созылып кетуі мүмкін, яғни заңсыз мигранттармен тең дәрежеде қарастырылуы ықтимал.

Бұған дейін ел үкіметі баспана іздеушілерге қатысты саясатты қатаңдату бойынша реформалар жобасын жариялады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу