Ұлыбритания парламенті мерзімінен бұрынғы сайлауға қарсы дауыс берді

1577

Ел премьер-министрі Борис Джонсонның қазан айында мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы ұсынысын Қауымдар палатасы қабылдамай тастады. 

Ұлыбритания парламенті мерзімінен бұрынғы сайлауға қарсы дауыс берді

Дауыс беру барысында Джонсонның бастамасын 650 депутаттың тек 293-і қолдаған. Дегенмен үкімет басшысы Брюссельмен  Brexit-ке қатысты жаңа келісімге қол жеткізу үшін қолдан келгенді жасайтынын мәлімдеді. 

Джонсонның айтуынша, оппозиция өкілдері елдің одақтан шығуына дауыс бергендердің пікірлерімен санаспай, қайтадан Brexit-ті кейінге шегеруді көздеп отыр. 

Айта кетейік, мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін Қауымдар палатасының үштен екі бөлігі, яғни 434-ке жуық депутат дауыс беру керек. Ол үшін оппозиция премьердің ұсынысына қолдау білдіруі қажет. 

Соңғы аптада Борис Джонсон алты мәрте жолы болмады. Бұған дейін оппозиция келісімсіз  Brexit-ті жүзеге асырмауға қатысты заң жобасын бекіткен болатын. Дүйсенбі күні Елизавета II мақұлдаған билль бойынша,  егер 19 қазанға дейін Лондон мен Брюссель елдің одақтан шығуына қатысты мәмілеге келмесе, үкімет Еуроодақтан Brexit-ті кейінге қалдыруын сұрауға тиіс. 

4 қыркүйекте Қауымдар палатасы Джонсонның мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ұсынысын қабылдамай тастаған еді. Ал дүйсенбіде депутаттар келісімсіз Brexit жүзеге асқан жағдайда жүзеге асырылатын жоспарды көрсетуді талап еткен. 

Айта кетейік, дауыс беруден кейін ел парламентінің жұмысы 14 қазанға дейін уақытша тоқтатылды. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу