Ұлыбритания үкіметі Шотландия парламентінің тәуелсіздік туралы қайта референдум өткізу жөніндегі бастамасын қолдаудан бас тартты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұлыбритания үкіметінің ресми өкілі министрлер кабинеті Шотландияның Біріккен Корольдік құрамынан шығуын да, жаңа дауыс беру өткізуді де қолдамайтынын мәлімдеді. Даунинг-стриттің пікірінше, Шотландия билігінің міндеті – экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту болуы тиіс.
– Халық биліктен шын мәнінде маңызды мәселелерге – экономикалық өсімге, өмір сүру деңгейін көтеруге және мемлекеттік қызмет сапасына назар аударуды күтеді. Күн тәртібінің өзегінде қоғамды бөлетін бастамалар емес, нақты нәтижелер тұруы керек, – деді британ үкіметінің өкілдері.
Лондон тарапы 2014 жылғы референдум алдында дауыс беру идеясын Шотландия мен бүкіл Ұлыбританиядағы жетекші саяси күштер мен қоғамдық институттар қолдағанын еске салды. Ал қазір мұндай ортақ келісім жоқ екені айтылды.
Шотландиядағы тәуелсіздік мәселесі соңғы уақытта парламентте тәуелсіздікті жақтайтын күштердің ықпалы күшейгеннен кейін қайта күн тәртібіне шықты. Бұған қоса, Ұлыбританияның Еуропалық Одақ құрамынан шығуы да пікірталасты күшейтті, себебі Шотландия тұрғындарының едәуір бөлігі Brexit шешімін қолдамайды.
Шотландияның тәуелсіздігі туралы алғашқы референдум 2014 жылы өткен еді. Сол кезде дауыс берушілердің шамамен 55 пайызы өңірдің Біріккен Корольдік құрамында қалуын қолдаған.