Ұлыбританияда қарағандылық ғалымдардың еңбегі жарияланды

570

Бүгінде жинақтың электронды нұсқасы қолжетімді. 

Ұлыбританияда қарағандылық ғалымдардың еңбегі жарияланды Фото: gov.kz

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ғалымдарының "Орталық Қазақстандағы ашаршылық 1931–1933: мұрағаттық құжаттар мен естеліктер жинағын" Ұлыбританиядағы Palgrave Macmillan халықаралық ғылыми кітап-журнал баспасы басып шығарды, деп жазады inbusiness.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, жинақты жазып шығуда бір топ ғалымның үлесі бар. Жобаны ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Нұрлан Дулатбеков басқарды. Ақпарат жинау үшін ішкі грант бөлінгені белгілі болды. Кітаптың баспа нұсқасы кейін шығарылмақ.

"Біздің мақсатымыз 30-жылдары болған жағдайға саяси баға беру емес еді. Біз ғалым болғандықтан, бәрінен бұрын деректер туралы айтамыз. Біз үшін ең бастысы – сол оқиғалардың куәгерлерімен, ата-аналары мен туыстары болған оқиға туралы айтқан аға буынмен сөйлесіп үлгеру. Лондон баспасының өзі бізбен байланысқа шықты. Кітапты шет тілдер факультетінің оқытушылары аударды", – деді Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Жинақта аймақта зұлмат жылдарын бастан кешкендердің жақын туыстарының естеліктері мен мұрағат құжаттарының маңызды мәліметтері бар. Кітаптың жартысынан астамын мұрағаттық материалдар құрайды.

Тарих ғылымдарының докторы Зауреш Сақтағанованың сөзінше, бұл еңбекпен қатар "Ашаршылық. Аштық. 1928–1934" бес томдығы да жарық көрген.

Ғалымдар сол замандағы қазақ отбасылары мен арнайы қоныс аударушылардың тарихын жазу үшін Балқаш, Осакаров және Шет аудандарына барған. Олар куәгерлерді іздеуге, материалды өңдеуге көп уақыт жұмсаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу