Лондонның ең танымал кинотеатрларының бірі – Лестер-сквердегі "Vue West End" кинотеатрында Қазақстандық кино апталығының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Кино апталығын режиссер Сәбит Құрманбековтың "Оралман" фильмі ашты. Шетелдік көрерменге фильмді танымал кинодраматург, фильм сценарийінің авторы Нұрлан Санжар ұсынды.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов кино апталығының бағдарламасы шетелдік көрермендерге қазақстандық кинематографтың байлығы мен жан-жақтылығын ашатынын атап өтті. Картиналар көрермендерге Қазақстан тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Фильм аяқталғаннан кейін сценарист Н.Санжар мен "Қазақстандағы фильм және бірегейлік: Орталық Азиядағы кеңестік және посткеңестік мәдениет" кітабының авторы болып табылатын Линкольн университетінің саясаттану доценті доктор Рико Айзекстің қатысуымен жалпы пікірталас өтті.
Пікірталас аясында көрермендер фильмді көру барысында туындаған сұрақтарға жауап алып, өз әсерлерімен бөлісті.
"Мен осында келе жатқанда не күтуді білмедім, бірақ фильмнен өте жағымды әсер алдым. Менің ойымша, фильм Орталық Азия мен сол жердегі адамдардың бауырластығы туралы өте жағымды месседж береді. Бүкіл фильм керемет түсірілді, сценарийі де керемет. Мен достарыммен осы апта бойы тағы да бірнеше фильмдерді көру үшін қайтып келемін", – деді қонақтардың бірі.
"Оралманнан" басқа Ақан Сатаевтың "Анаға апарар жол" тарихи драмасы көрсетіледі. Сатыбалды Нарымбетовтың "Аманат", Ермек Тұрсыновтың "Шал" фильмі көрерменге жол тартады. Кино апталығы "Айка" фильмінің көрсетілімімен аяқталады.