Ұлыбританияда заңсыз мигранттарға қарсы заң күшейтіледі

608

Ұлыбританияда заңсыз көші-қонды болдырмауға бағытталған заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Алдағы уақытта шекараны рұқсатсыз кесіп өткендермен аяусыз күрес жүргізіліп, қатаң шаралар қолданылмақ. Құқық қорғаушылардың пікірінше, билік партиясының бұл бастамасы этикалық номаларға қайшы. Саясаткерлердің пайымдауынша, жаңа заң қабылданған жағдайда Ұлыбритания Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенциядан шығуы керек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ұлыбританияда заңсыз мигранттарға қарсы заң күшейтіледі Фото: inbusiness.kz

Жаңа заң жобасына сәйкес Ұлыбритания аумағына заңсыз кірген мигранттар қамауға алынып, дереу елдеріне қайтарылмақ. Туған жерінде оның өміріне қауіп төнген жағдайда басқа қауіпсіз мемлекетке жіберіледі. Олар, тіпті, баспана сұрау құқығынан да айырылады. Елден аластатылғаннан кейін ғана бұл мүмкіндікке қол жеткізуі ықтимал. Тек кәмелетке жасы толмағандар, науқастар және өміріне қауіп төнген адамдар ғана бұл шектеуден босатылады.

"Соңғы жылдары гуманитарлық көмек ретінде Ұлыбританияға 500 000-ға жуық адамның кіруіне жағдай жасадық. Бұл біздің жомарттығымыз бен жанашырлығымыздың айқын көрінісі. Біз шынымен де мұқтаж адамдарға достық қолын созуды жалғастырамыз. Бірақ көші-қон ережелерін және баспана беру жүйесін бұзуға жол бермейміз", - дейді Ұлыбританияның Ішкі істер министрі Суэлла Браверман.

Заңсыз мигранттар Тұманды Альбионға Еуропадан, яғни қауіпсіз аумақтан келеді. Британ билігінің пікірінше, босқындар баспананы сол елдерден сұраулары керек. Бірақ оның орнына, заңдардың жұмсақтығын пайдаланып, Ұлыбританияға заңсыз қоныс аударуға асығады. Ла-Манш бұғазын үрлемелі қайықпен кесіп өтіп, суға ағып кеткендері қаншама? Мигранттар нөпірін тоқтату үшін Лондон барын салып жатыр. Соңғы шаралардың бірі – 3 жылдың ішінде Парижге шамамен 500 миллион стерлинг фунтын бөлуді жоспарлап отыр.

"Біз Францияның солтүстігінде жаңа қамау орталығын ашамыз. Ол құқық қорғау органдарының басын бір жерде біріктірмек. Француз жағажайларын күзететін қосымша 500 полицейді де жұмысқа тартпақшымыз. Олардың барлығы заңсыз мигранттарды ұстауға көмектесетін ұшқышсыз дрондармен және басқа да бақылау технологияларымен қамтамасыз етіледі", - дейді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.

Заң жобасы парламентарийлер назарына ресми түрде ұсынылмай тұрып, құқық қорғаушылар мен оппозициядағылардың қатаң сынына ұшырады. Өйткені ол этикалық нормаларға, Ұлыбритания қол қойған адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Конвенцияға және БҰҰ-ның босқын мәртебесі туралы Конвенцияға қайшы.

"Бұл - мүлдем қате қадам. Биліктегілер өткен жылы да осыған ұқсас бастама көтерді. Біз оның жұмыс істемейтінін айттық. Заң қабылданды, бірақ заңсыз мигранттар саны кемімеді. Олар босқындарды Руандаға көшіру үшін 140 миллион жұмсады, алайда ақша далаға шашылды", дейді оппозициялық Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы Франциядан Ұлыбританияға шағын қайықтармен 45 мыңға жуық адам жүзіп өткен – бұл бір жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда 60 процентке көп, ал 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 300 адамды құраған. Баспана сұраушылардың басым бөлігі 40 жасқа толмаған, тепсе темір үзетін жігіттер. Көпшілігі қауіпсіз саналатын Албания елінен. Оларға салық төлеушілердің есебінен қонақ үй беріледі, жәрдемақы төленеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу