Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Комитет дерегінше, 1 жастағы Қазақстан азаматы Ұлыбританияда дүниеге келген. Бастапқыда Ұлыбританияның құзырлы органдары сәбиді британдық отбасыға асырап беру мүмкіндігін қарастырғандықтан, аталған жағдай шұғыл жүзеге асқан. Қазақстандық тараптың үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесінде сәби өзінің туған әжесімен және әкесімен қауышты.
Мамандардың туыстарымен жүргізілген профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының барысында қыздың әжесі мен әкесі баланы өз қамқорлығына алып, отбасында тәрбиелеуге ниетті екендерін білдірді.
– Кішкентай отандасымызды елге қайтару үшін ҚР Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып ауқымды жұмыс атқарылды. Біз сәбидің жақын туыстарын анықтап, оны Қазақстанға қайтару туралы шешімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүлдіршін өз үйінде, туғандарының жанында, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Елге қайтару шаралары аясында балаға қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделген.