Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі салықты көтермек

563

Риши Сунак мұндай қадамға мемлекеттік қарызды өтеу үшін барып отыр.  

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі салықты көтермек Фото: Martin Beckford, Daily Mail

Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Риши Сунак мемлекеттік бюджетте пайда болған 50 миллиард фунт стерлинг (шамамен 57,3 миллиард АҚШ доллары) тапшылығын жабу үшін салықты көтеруге ниетті, деп хабарлайды Financial Times газеті елдің Қаржы министрлігіндегі дереккөздерге сілтеме жасап.

Бұған дейін Сунак британдық қаржылық жағдайдың жақсаруы аясында салықтардың өсуі мен мемлекеттік шығындардың айтарлықтай төмендеуіне қатысты мәселені қайта қарастыратыны туралы хабарланған болатын. Британдық қазынашылық өз кезегінде Қаржы министрлігінің жаңа басшысы Джереми Хант 17 қарашада Үкіметтің орта мерзімді қаржылық жоспарын ұсынатынын хабарлады.

Ұлыбритания премьер-Министрі мен Қаржы министрлігінің басшысы дүйсенбіде салықты көтеруге келісті.

"Күрт өзгерістер болады. Мәселе мынада, егер біз мемлекеттік қызметтерді сақтап қалғымыз келсе, барлығына көбірек салық төлеуге тура келеді. Коронавирус (пандемия) салдарынан жүздеген миллиард фунт стерлинг қарыз алғанымыз бар, оған қоса электр энергиясы үшін төлемдерді төлеу бойынша ауқымды қолдауды жүзеге асырғаннан кейін біз бюджет жетіспеушілігін шығындарды азайту арқылы ғана толтыра алмаймыз", — деді Қаржы министрлігі өкілі.

Лиз Трасс бастаған бұрынғы Ұлыбритания Үкіметі экономиканы қолдаудың жаңа жоспарын жүзеге асыру үшін министрлер кабинеті мемлекеттік қарыз мөлшерін көбейтеді деген алаңдаушылыққа байланысты сынға ұшырады. Салықты жаппай төмендетуді көздейтін жоспарды Парламентте Қаржы министрлігінің бұрынғы басшысы Квази Квартенг ұсынды. Нәтижесінде Ұлыбританияның бес жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 2008 жылдан бері 4,6%-ға дейін өсті, ал ол кезегінде борыштық қағаздарға сұраныстың азаюына әкелді. Осыған байланысты фунт стерлинг әлсіреп, сауда-саттық кезінде бір фунт үшін тарихи минимум 1,054 долларға дейін төмендеді. Салдарынан билікте небәрі 44 күн отырған Трасс отставкаға кетуге мәжбүр болды.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу