ЭКСПО аумағында этноауыл бой көтерді

1233

ЭКСПО аумағында этноауыл бой көтерді

Астанада әз Наурыз мерекесі басталды. Бүгін жер-жерлерде концерттік бағдарламалар қойылып, ұлттық ойындар ойнатылады. Тіпті ЭКСПО көрме кешенінің аумағында этноауыл да ашылды, деп хабарлайды 24.kz.

Қазір халық этноауылға біртіндеп жиналып жатыр. Күннің суықтығына қарамастан мұнда кіргеннен бастап сондай бір мерекелік көңіл-күй сезіледі. Келушілерді Алдар Көсе, Қожанасыр, Тазша бала сынды халық ертегілерінің кейіпкерлері құшақ жая қарсы алуда. Әрине, көңіл-күй көтеріңкі болмауы мүмкін емес. Мұнда әз Наурызға арнап қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға бағытталған қаз-қатар киіз үйлер тігілген. 4 киіз үйді кішігірім мұражай десек те болады. Онда ежелгі түркі жазбасы мен мәдениетінің құнды жәдігерлерімен, халық аспаптары және тұрмыстық заттардың шығу тарихымен танысуға болады. Құнды заттардың қатарында осыдан шамамен 2 жарым ғасыр бұрын жасалған қазан да қойылған.

Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің зергерлік бұйымдары мен ұлттық әшекейлер, кілем өнімдері мұражайын аралай аласыздар. Бұдан бөлек асық атудан, арқан тарту, қазақ күресі және гір көтеруден сайыстар өткізіледі. Ал мерекелік бағдарлама қазір бірер сағаттан соң басталады. Наурыз мерекесін халықпен бірге атап өту үшін Елбасы да этноауылға арнайы келеді. Сондықтан құрметті Астана қонақтары мен тұрғындарын осында шақырамыз. Жез таңдай әншілер мен мың бұралған бишілердің өнерін қызықтап, театрландырылған қойылымдарды да тамашалай аласыздар.

Ал осы этноауыл бой көтерген ЭКСПО аумағындағы "Нұр Әлем" мұражайы сағат кешкі 9-ға дейін жұмыс істейді. Шара ертең де жалғасын табады. Осы мереке күндері сыйымдылығы мың литр болатын тайқазанда наурызкөже пісіріліп, қонақтарға үлестіріледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу