Жиынға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков арнайы қатысып, қасиетті өңірдің ұлт үшін маңызы айрықша орда екенін атап өтті.
"Ұлытаудың мерейтойы баршамызға ортақ дүбір. Жер көлемі жағынан еліміздегі ең үлкен аудан саналатын Ұлытаудың даму тарихы әлі де тереңдей түседі деген сенім мол. Олай деуге негіз болатыны – өңірдің климаты да, жерінің құнары да туризм, ауылшаруашылығы, агроөнеркәсіп салаларын дамытуға мүмкіндік береді", – деді өңір басшысы өз құттықтау сөзінде.
Жиын барысында облыс әкімі көпбалалы қос ана Гүлім Нұрахметова мен Ақнұр Сартаеваға ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, "Күміс алқа" медалін табыс етті.
Сондай-ақ, Ұлытау облысының қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқан бірқатар азаматқа Ұлытау облысы әкімінің алғыс хаттары табыс етілді.
Сонымен қатар, Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов та жиналғандарды құттықтап, аудан әкіміне ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың және ҚР Сенат депутаты Советбек Медебаев пен Серік Шайдаровтың құттықтау хатын табыс етті. Бұл ретте бірқатар ұлытаулық облыстың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ұлытау ауданының қарыштауы жолында тер төккен тұлғаларға айрықша күнде "Ұлытау ауданының құрметті азаматы" атағы табыс етілді. Қаражігіт Абдрахманов, Камариден Есназаров, Тілеген Рахымбеков, Бейсенбек Әбілдинге лайықты құрметті аудан әкімі Аманжол Мырзабеков пен аудандық мәслихаттың төрағасы Ахат Құрмансейітов табыстады.
Іс-шарада "Ұлытау ауданына 85 жыл" арнайы медалі де лайықты азаматтарға берілді. Жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.