Ұлытау облысы әкімінің орынбасары қызметіне Нұртас Кәріпбаев тағайындалды. Бұған дейін ол ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің төрағасы қызметін атқарған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Нұртас Ғалымұлы 1986 жылы дүниеге келген. Ол Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін "Болашақ" бағдарламасы аясында Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінде "Басқару және мемлекеттік саясат" бағыты бойынша магистр дәрежесін алған. Сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында "Бизнес және басқару" мамандығы бойынша білімін жетілдірген.
Еңбек жолын Қарағанды облысының экономика басқармасында бас маман болып бастаған. 2011–2013 жылдары Қарағанды облысы әкімі аппаратының бас маманы қызметін атқарды. Кейін өңірдің Денсаулық сақтау және Кәсіпкерлік басқармаларында басшылық лауазымдарда еңбек етті.
2022–2024 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары болды. 2024 жылдан бүгінге дейін аталған комитетті басқарды.
Жаңа қызметінде Нұртас Кәріпбаев экономика, қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, мемлекеттік сатып алу, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларына жетекшілік етеді.