Ұлытау облысында прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны едәуір азайды. Биыл малға соқтығысу фактілері өткен жылмен салыстырғанда 67 пайызға төмендеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алайда ауыл шаруашылығы жануарларының автожол бойында бақылаусыз жүруі көлік қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді.
Осыған байланысты Ұлытау облысының прокуратурасы тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, малдың жолға шығуының алдын алуға бағытталған жол картасын жүзеге асыруда.
– Атқарылған профилактикалық шаралар аясында мал жаю ережелерін бұзған 232 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде өңірде малға соғу деректері 67 пайызға қысқарды. Бұл көрсеткіш құқық қорғау және жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылының тиімділігін дәлелдейді, – делінген ақпаратта.
Ведомство өкілдері алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін және олардың мүлкін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударатынын мәлімдеді.