Ұлытау облысында төтеншеліктер жоғалған бес адамды аман-есен тапты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кеше Жезді кентінен жеңіл автокөлікпен "Бидаш-ана" шаруа қожалығына шыққан азаматтар байланысқа шықпаған. Алаңдаған туыстары бүгін таңертең құтқарушыларға жүгінген.
"Іздестіру жұмыстары дрондардың көмегімен ұйымдастырылды. Нәтижесінде ТЖМ күштері қар құрсауында қалған көлікті анықтап, жолаушыларды Жезді кентіне эвакуациялады. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады", – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, азаматтардың қар құрсауында қалуына автокөліктің техникалық ақауы себеп болған.