Ұлытау облысында халықаралық деңгейдегі техникалық университет салынбақ

156

Оқу орнын салу үшін жалпы ауданы 20 га құрайтын жер телімі бөлінді. 

Ұлытау облысында халықаралық деңгейдегі техникалық университет салынбақ Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Канада мемлекеті жоғары оқу орнының өкілдерімен кездесті. Делегация сапарының мақсаты – өңірімізде халықаралық деңгейдегі "Техникалық университет" ашу ісін жүзеге асыру, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиынға "Ұлытау техникалық университеті" жобасының жетекшісі Мақсұтбек Айтмағанбет, "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС өкілдері және "The Ulytau Educational Foundation" қоғамдық қорының басшылары қатысты. Өңір басшысы өз кезегінде білім ордасы жобасын жүзеге асыру – Ұлытау облысының барлық салада дамуына жол ашатынын, бірқатар мемлекетпен ынтымақтастығын арттыратынын жеткізді.  

"Жаңа университет тау-кен-металлургия, IT, инженерлік технологиялар, экология және т. б. салаларға халықаралық диплом және екі дипломдық бағдарламамен кадр даярлауды жүзеге асырады деп жоспарлануда.

Университет факультеттері 4 бағыт бойынша жұмыс істемек. Олар: қоршаған ортаны және минералды ресурстарды басқару, цифрлық технологиялар, бизнес, білім беру. Сондықтан да бұл білім ордасының біздің өңір үшін маңызы жоғары", – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

2022 жылғы Мемлекет басшысының бастамасымен тау-кен металлургия саласында кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен "Ұлытау техникалық университеті" құрылды. Қазіргі уақытта Ұлытау облысы әкімдігі тарапынан Жезқазған қаласында Техникалық университет салу үшін жалпы ауданы 20 га құрайтын жер телімі бөлінді және шекарасы белгіленіп, мүлікке кадастрлық төлқұжат алынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу