Ұлытау облысында кардиологиялық қызмет көкжиегі кеңейіп келеді

264

Ұлытау облысында кардиологиялық қызмет көкжиегі кеңейіп келеді.

Ұлытау облысында кардиологиялық қызмет көкжиегі кеңейіп келеді Фото: Inbusiness.kz

Өйткені "Қазақмыс холдингінің" құрамына енетін "Жезқазған" медициналық орталығы "University Medical Center" корпоративтік қорымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Жаздан бері клиника облыстық кардио орталық мәртебесіне қол жеткізген-ді. Ал күні кеше елдегі ең көрнекті кардиохирург Юрий Пя аталған мекемеге ат басын бұрды. Одан өзге бір топ астаналық білікті дәрігерлер бар. Айта кетейік, қос жақты бұл келісім тұтас облыс үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Биыл жазда интервенциялық кардиология бөлімшесінің көпжылдық еселі еңбегі "Жезқазған" медициналық орталығына облыстық кардио орталық мәртебесін алуға септесті. Алып "Қазақмыс" құрған мекеме осылайша өңір мен елдегі алғашқы жеке клиника атанды. Орталық барлық халықаралық стандартқа сай. Қазір тұтас облыс жұрты медициналық мекеме қызметіне жүгінеді. Енді клиника "University Medical Center" қорымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.  Бұдан бөлек, келер жылғы дамудың жол картасын түзді. Демек, бұл ұлытаулықтар үшін кардио қызметтің жаңа тетіктерін ашуға зор мүмкіндік.

"Ұлттық кардиохирургиялық орталық бүгінде дүйім жұрт пен дәрігерлер арасында өзіндік брэндке айналғанын білеміз. Жаңа облыс – жас! Құрылғанына енді ғана жыл өтті. Юрий Владимирұлы, сіздің бұл сапарыңыз облыстың медициналық саласына тың серпін беретініне сенімдімін", - деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмас Ыдырысов.

Делегаттар орталық жұмысын жоғары бағалады. Бұған мекемедегі құрал-жабдық пен клиника мамандарының кәсібилігі себеп. Ал Юрия Пяның "Жезқазған" медициналық орталығында ота жасау ұсынысы келісті келісімнің көркін одан әрмен ашты. Мұндай ерек оқиға өңірлік кардиология қызметін жаңа кезеңге жетелемек. Нақтысы, қызмет сапасын арттырады – дейді мамандар.

"Сіздердің кардиология саласын белсенді дамытып жатқандарыңызға көп алғыс айтамын. Бізді мұндай кәсібилік деңгейді бағамдау үшін шақырды. Деңгей айтарлықтау жоғары!", - дейді UMC басқарма төрағасы, кардиохирург Юрий Пя.

Шара әдеттегі  білім мен біліктілік алмасусыз өтпеді. Бас қаладан келген кардиохирург мамандар кәсібилікті арттыру үшін арнайы лекция өткізді. Мұнда дәрігерлер кардио қызметтің өзекті сауалдарын талқыға салды. Әсіресе жүрек аурулары мен аритмияның ерекше жағдайларына ден қойды. Бұдан кейін емделушілермен де кездесіп, кеңестерін айтты. Жалпылай алғанда мұндай айтулы оқиға әуелі науқастар жағдайын түзеп, кейін қызмет сапасын арттыратыны даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу