Ұлытау облысында кәсіби футбол клубы құрылады

630

Жаңа команданың демеушісі - "Қазақмыс" корпорациясы.  

Ұлытау облысында кәсіби футбол клубы құрылады

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен "Қазақстан футбол федерациясы" ЗТБ қауымдастығының президенті Әділет Барменқұлов Ұлытау облысының әкімдігі мен футбол федерациясының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кездесуде өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысында кәсіби футбол клубының құралатыны, жаңа команда келесі жылдың наурыз айында басталатын Қазақстан чемпионатының екінші лигасына қатысуға өтінім беру үшін күш-жігерін жұмсау керектігін атап өтті.

Федерацияның президенті Әділет Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясы облыс әкімдігіне қажетті әдіснамалық көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

"Жұмыс бірден үш бағытта басталады: облыстық футбол федерациясын ашу, кәсіби футбол клубы мен балалар-жасөспірімдер академиясын құру. Ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды бағалау және негізінен жергілікті кадрларды даярлау қажет", –  деді Ә.Барменқұлов.

Кездесуде "Қазақмыс Барлау" ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов футболдың өңір үшін зор әлеуметтік маңыздылығын айта келіп, корпорация жаңа футбол клубына және жалпы спорттық инфрақұрылымға барынша жәрдем көрсететінін жеткізді.

 

Ұлытау облысының әкімі меморандумға қол қойған соң, өңірде аула клубтарының санын көбейту керектігін,  Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандарында футбол алаңдарының санын көбейту жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

"Облыста кәсіби футболға ғана емес, бұқаралық футболға да баса назар аударылатын болады", –  деді Берік Әбдіғалиұлы.

Қазіргі уақытта облыстың екі қаласы мен бір ауданында ғана футбол секциялары бар. Онда барлығы 930 жасөспірім футболмен айналысады. Жезқазғанда футбол секциясы тек бір спорт мектебінде ашылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу