Ұлытау облысында медицина қызметкерлері өзара төбелесті

2552

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Ұлытау облысында медицина қызметкерлері өзара төбелесті Фото: inbusiness.kz

Ұлытау өңіріндегі Жаңаарқа аудандық ауруханасында медицина қызметкерлері арасында төбелес шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Медициналық мекемедегі төбелес туралы ақпаратты Жаңаарқа ауданының әкімдігі растады. Ведомствоның хабарлауынша, жанжал аурухананың бірнеше қызметкері арасындағы түсініспеушілік салдарынан болған.

"Бұл оқиға бойынша аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады, тергеу жүріп жатыр. Аурухана меңгерушісі жұмыстан уақытша шеттетілді. Сондай-ақ оқиғаға байланысты денсаулық сақтау басқармасының басшысы бастаған арнайы топ жұмыс істеді. Ұлытау облысы бойынша департаменті Жаңаарқа ауданында болып, аудан әкімінің қатысуымен жұмыс кеңесін өткізді. Қызметтік тексеру басталды. Бұл мәселе аудан басшылығы мен әкімдігінің бақылауына алынды", - деді Жаңаарқа ауданы әкімдігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емдеу мекемесіндегі қызметтік тексеру әлі аяқталмағанын қосты.

"Жаңаарқа көпсалалы аудандық ауруханасында болған оқиғаға қатысты тергеу аяқталмады. Оқиғаға қатысушылар мән-жай толық анықталғанша жұмыстан шеттетілді", - деп хабарлады Ұлытау облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұл оқиғаға Ұлытау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейісов те түсініктеме берді. Ол медициналық мекемедегі жанжалды жағдай 2023 жылдың 27 желтоқсанында орын алғанын атап өтті.

"Ұлытау ауданы Жаңаарқа орталық аудандық ауруханасының медицина қызметкерлерінің арасында дене күшін қолдану арқылы жанжал шығып, салдарынан зардап шеккендер бар. Аталған факті бойынша Жаңаарқа ПБ Ауданда Қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы "Бір топ адамдар жасаған бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Сафуан Жампейісов.

Ұлытау облыстық ІІД бастығының орынбасары алғашқы тергеу әрекеттерінің қорытындысы бойынша аудандық аурухананың басшысы мен бір дәрігері Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп қосты.

"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, оның қорытындысы бойынша жанжалға қатысушылардың барлығының іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне қатысты басқа мәліметтер жарияланбайды", - деп қосты Сафуан Жампейісов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу