Ұлытау облысында салынатын медициналық нысандарға бір аптада жер учаскесі бөлінуі тиіс - Әлихан Смайылов

679

"Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу көзделіп отыр. 

Ұлытау облысында салынатын медициналық нысандарға бір аптада жер учаскесі бөлінуі тиіс - Әлихан Смайылов Фото: inform.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен жылдың қараша айында ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы бекітілгенін баяндады.

Оның аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу көзделіп отыр.

Бұдан басқа 32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы (2024 жылы – 7, 2025 жылы – 25) жаңарту жоспарланған. Онда инсульт орталықтары, кардиология, жан сақтау және оңалту бөлімшелері ашылып, олар КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ аппараттарымен жарақтандырылмақ. Сонымен қатар, ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 1 100 медицина қызметкерін даярланады.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов баяндама жасады.

Премьер-Министр биыл құрылысы басталатын медициналық нысандардың барлығына дерлік жер бөлінгенін атап өтті. Тек, Ұлытау облысында ғана аталған жұмыстар жалғасып жатыр.

"Әкімдік жер учаскесін бөлу жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы 1 сәуірге қарай алғашқы көмек көрсету объектілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау, 1 мамырға дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және қайта жаңарту үшін құжаттаманы әзірлеу қажеттігін айтты. Құрылыс маусымы басталғаннан кейін барлық өңір жобаларды іске асыруға кірісуі керек.

Оған қоса, Премьер-Министр жоспарланған шараларды уақтылы іске асыру үшін құрылыс учаскелеріне дейін инженерлік коммуникациялар мен жолдарды жедел жүргізу, мердігерлермен шарттар жасасу керектігін айтты.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаңа медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз етуді алдын ала қарастырып, оларға әлеуметтік қолдау шараларының толық пакетін ұсыну қажет.

"Тағы да атап өтемін, Ұлттық жобаны іске асырудың әрбір кезеңін жобалық басқару жүйесі шеңберінде тұрақты бақылауға аламыз", - деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу