Ұлытау облысында жыл басынан бері 286 бас мал ұрланған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция қызметкерлері оның 219-ын заңды иелеріне қайтарды. Сонымен қатар келтірілген материалдық шығынның 13 миллион теңгеден астамы өтелді.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде мал ұрлығына қатысты 20-ға жуық дерек тіркелген. Олардың басым бөлігі Жаңаарқа ауданында болған. Қылмыс салдарынан тұрғындарға келтірілген жалпы шығын 35 миллион теңгеден асады.
Мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі – төрт түліктің қараусыз жайылуы. Әсіресе елді мекендерден шалғай орналасқан жайылымдарда малдың ұзақ уақыт бақылаусыз қалуы оның ұрлану қаупін арттырады.
Полиция қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық кездесулер өткізіп, малды күтіп-бағу және жаю қағидаларын түсіндіріп жүр. Жыл басынан бері осы талаптарды бұзған 476 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция мал иелерін төрт түлікті қараусыз қалдырмауға, жайылымдағы бақылауды күшейтуге және күдікті жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырды.