Бүгін, 9 қаңтарда іздеу жұмыстарына ТЖМ авиациясы жұмылдырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz ТЖ министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іздестіру жүргізілген бағыт Жезқазған қаласы - "Тоба" қыстағы және "Кіші Киік" қыстағы - Жезқазған қаласы.
Іздестіруге Ұлытау ауданы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, "Кіші Киік" қыстауының 58 жастағы жұмысшысы 31 желтоқсан күні қыстақтан белгісіз бағытта шығып кеткен болатын. Жоғалғаны туралы 2 қаңтарда хабарланды.
Сондай-ақ 3 қаңтар күні кешке "Тоба" қыстағының иесі 44 жастағы қойшы мал іздеуге шығып, оралмағаны туралы хабарлаған.
"Екі адамды іздеу жұмыстары жалғасуда. ТЖ департаменті қыс мезгілінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігі туралы ескертеді. Дауылды ескертулерге назар аударыңыз және ауа райы нашарлаған жағдайда үйде болыңыз", - деді ведомстводан.
Төтенше жағдай кезінде құтқару қызметінің тәулік бойғы "112" бірыңғай нөміріне немесе "101" нөміріне қоңырау шалуға болады.