Ұлытау облысында жылыту маусымы басталды

411

Үш қазандық пен үш турбоагрегаторға жөндеу жүргізілді.

Ұлытау облысында жылыту маусымы басталды Фото: Ашық дереккөз

Жезқазған мен  Сәтпаев қалаларында жылыту маусымы басталды. Қазақмыс компаниясы жүргізген күрделі жөндеуден кейін, жылу беру нысандары штатты режимде жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ мамандар үш қазандыққа және үш турбоагрегаторға жөндеу жүргізді. Ал бірнеше аптадан кейін, тағы екі қазандықты жөндеу аяқталады. Осы жылы бірнеше шақырым жылу құбырлары жаңартылды. 

Жезқазған қаласында биыл жылыту маусымы уақытылы басталды. Станция қысқы мерзімге толық дайын. Нысанның иегері-Қазақмыс Энерджи компаниясы 74 пайызға ескіріп тұрған барлық құрылғыларды толығымен жаңартты. Оған 12 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. 

"Қысқы мерзімге дайынбыз. Бүгінгі таңда бес турбинаның үшеуі ағымдағы ремонттан өтті. Біреуінде күрделі жөндеу жүріп жатыр. Қараша айының соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Агрегаттардың алтауының үшеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Екеуі күрделі жөндеуде. Біреуі ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр", – дейді Стратегиялық жобалар жөніндегі топ жетекшісі Мирас Әбдікәрімов.

Бүгінгі таңда жылу барлық үйге берілген. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Күн суытқанға дейін екі қазандықтың күрделі жұмысы аяқталады деген жоспар бар. Сонымен қатар, компания былтырғы қателіктерді қайламас үшін көмір қорын жеткілікті көлемде алған. Мамандардың айтуынша, қатты отын кем дегенде екі айға жетеді.

"Көмір қорымыз 240 мың тонна. Нормативтік қорымыз 87 мың болса, біз одан үш есе артық қылып жинап алдық. 46 күндік қорымыз бар. Оған қарамастан, қазан айынан бастап желтоқсан айына шейін 2200 тонна тағы мазут қабылдаймыз", – деді Жезқазған қаласы жылу электр орталығының директоры Думан Сүлейменов.

Жылыту нысандарындағы жаңарту жұмыстары Сәтпаев қаласында да жалғасты. Онда ағымдағы және күрделі жұмыстарға 1 млрд 800 млн теңге қарастырылған. 

"Қазіргі таңда су жылытатын қазандықтар 100 пайыз күрделі жөндеуден өтті. Станция көмірмен толық қамтамасыз етілген. Бүгінде 172 мың тонна көмір мен 548 тонна мазут қоры бар.  Сондай-ақ қазан айының ортасында тағы 2360 тонна мазут жеткізіледі", – деді "Kazakhmys Distribution" ЖШС жылу  энергетика кәсіпорнының директоры Жарқын Керімбеков.

Сәтпаев қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып жатыр. Сондықтан жылу электр орталығына түсіп жатқан жүктеме де артты. Осыны ескере отырып, биыл бірнеше шақырым жылыту құбырлары да жаңартылды. 

"Жылу станциясы 1964-ші жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері Сәтпаев қаласында бірнеше мөлтек аудан құрылып, қаншама үй бой көтерді. Әлбетте осының барлығы жалғыз станцияға салмақ салатыны анық. Сондықтан біз арнайы құрылғылар орнатып, дефицитті жоюға барымызды салып жатырмыз", – дейді "Kazakhmys Distribution"ЖШС жылу энергетика кәсіпорны бас инженерінің м. а. Вячеслав Лазарев.  

Енді мамандар Қазақмыс компаниясының жасаған осындай ауқымды жөндеу жұмыстарының арқасында Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының тұрғындарына жылыту маусымы сәтті өтуі тиіс деп үміттенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу