Ұлытау облысындағы діни ахуал тұрақты. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аймақ басшысына "Ұлытау облысындағы діни ахуал қандай? Радикалды ошақтар бар ма?" деген сауал қойылды.
Берік Әбдіғалиұлының сөзінше, бұл мәселе бойынша статистика бар.
"Теологтар, дін басқармасының өкілдерін шақырып, біреулердің ықпалына түсіп қалған азаматтарымызға ағарту жұмыстары жүргізіледі. Көптеген іс-шара өтіп жатыр. Өткенде Елдос Жұмаділдә деген ұстаз келіп, ағарту жұмыстарын жүргізді. Енді ахуал тұрақты деп айтуға болады. Арнайы органдар бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бізге беріп отырған ақпараты бойынша ахуал тұрақты. Біздің тұрғындар ресми дін жолында деуге болады. Өз ұстанымында жүрсе де, қоғамның тәртібін қабылдап, ешқандай заң бұзушылық болып жатқан жоқ", - деді Ұлытау облысының әкімі.
Айта кету керек, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.