Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының 32 жастағы тұрғыны полиция қызметкерлеріне Намбу тапаншасын тапсырды. Жаңаарқа ауданының тұрғыны Ерсін Тәжмағанбетов жертөледе құрылыс жұмыстарын жүргізуде кезінде жерге көмілген тапаншаға ұқсас затты тауып алған. Аудан тұрғыны Дереу полицияға хабарласып, табылған затты өткізген.
Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистерінің сарапшылары жүргізген зерттеу барысында бұл қарудың бір ғасырға жуық тарихы бар екені анықталды. Намбу тапаншалары 1920-1940 жылдардағы Жапон императорлық армиясының негізгі жеке қаруы болған, олар Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін шығарылды. Полицейлер қаруды тапсырған азаматқа алғысын білдірді. Табылған тапанша тарихи жәдігер ретінде алдағы уақытта облыстық музейге тапсырылады.