ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыру барысы қаралды.
"Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау объектілері, мектептер міндетті түрде болуы тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар", — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр.
"Аталған өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр барлық жоспарларды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.
"2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады", — деді Әлихан Смайылов.