Ұлытау облысында "Антифрод" жүйесі арқылы интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 20 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Тағы 15 миллион теңгеден астам ақша бұғатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде интернет-алаяқтықтың 167 фактісі тіркеліп, 47 іс бойынша тергеу аяқталған. Жәбірленушілердің басым бөлігі – 50 жастан асқан азаматтар.
Алаяқтыққа қарсы шаралар аясында 370-тен астам дроппердің банк шоты бұғатталды. Дропперлер – алаяқтық жолмен алынған ақшаны қабылдау немесе аудару үшін өз шоттарын пайдалануға беретін адамдар.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға жеке деректерін, банк картасының мәліметтерін және SMS-кодтарды бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ "қауіпсіз шотқа" ақша аудару туралы талаптарға сенбеу керек.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, банкке оның ресми нөмірі арқылы хабарласқан жөн. Алаяқтыққа тап болған азаматтар дереу банкке және полицияның 102 нөміріне хабарласуы қажет.