Осылайша, ұлытаулық медицина қызметкерлерінің жұмыс уақытында алкоголь ішкеніне байланысты тексеріс басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәліметке сай, жағдай Наурыз мерекесін тойлау кезінде тіркелген. Ауруханаға келген тұрғындар алкоголь иісін сезіп, олардың бұл әрекетіне ерекше назар аударған.
Ұлытау облысының денсаулық сақтау басқармасы аталған деректі растап отыр. Оқиға былайша өрбіген. 21 наурыз күні күндіз аурухана аумағында мерекелік іс-шара өткен. Десе де, кешкі уақытта кезекші дәрігер мен бірқатар қызметкер өз бетінше ішімдігі бар дастарқан ұйымдастырған.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай отырысқа аурухана әкімшілігі рұқсат бермеген.
– Оқиға туралы тиісті органдарға дер кезінде хабарланбаған. Жағдай тек мерекелік демалыстан кейін белгілі болған.
Тексеруден соң кезекші дәрігер жұмыстан босатылды. Ал директордың міндетін атқарушы орынбасарына және екі медбикеге қатаң сөгіс жарияланды. Директордың жауапкершілігі оның еңбекке жарамсыздық парағынан шыққаннан кейін тәртіптік кеңесте қаралады, – делінген хабарламада.