Ұлытаудағы даулы кортеж ісі: сот студенттік омбудсменді қамауға алды

438

Ұлытау облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену кортежіне қатысты қоғамда қызу талқыланған оқиғадан кейін жастар ұйымының өкіліне сот үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ұлытаудағы даулы кортеж ісі: сот студенттік омбудсменді қамауға алды Фото: polisia.kz

Қаражал қалалық соты "Қазақстан студенттері альянсының" 24 жастағы жетекшісі әрі студенттік омбудсменге қатысты әкімшілік істі қарап, оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Ұлытау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушыға 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қолданылған.

Оқиға өткен демалыс күндері әлеуметтік желілерде кеңінен тараған үйлену кортежінің бейнежазбасынан кейін қоғамның назарын аударған. Видеода бірнеше көліктің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анық байқалған.

Бейнежазбаны кортежге қатысушылардың бірі түсірген. Кадрларда оның жол талғамайтын көліктің люгінен шығып алып, смартфонмен кортеждің қозғалысын түсіріп тұрғаны көрінеді. Кейін бұл видео Instagram әлеуметтік желісінде жарияланып, кең таралған.

Аталған дерек бойынша Ұлытау облысы полиция департаменті тексеру жүргізіп, құқық бұзған жүргізушілерге қатысты шара қабылдады. Бірқатар автокөлік айып тұрағына қойылып, жалпы 22 әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар бес жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген.

Сот істің барлық мән-жайын зерделей келе, бұл жағдайда 20 АЕК көлеміндегі айыппұл жеткіліксіз деген қорытынды жасап, студенттік омбудсменге 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу