Ұлытаулықтар онкологияны емдеу үшін Қарағандыға баруға мәжбүр

740

Аймақта облыстық деңгейдегі бірқатар маңызды медициналық мекеме әлі күнге дейін жоқ. 

Ұлытаулықтар онкологияны емдеу үшін Қарағандыға баруға мәжбүр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.   

Тілшілер облыс әкімінен "Ұлытау облысында онкологиялық орталық ашыла ма?" деп сұрады.

"Өкінішке қарай, облыста әлі күнге дейін орталық ашылмады. Облыс құрылғалы бері халық тарапынан көтеріліп жатқан мәселенің бірі онкологиямен байланысты. Ауру бойынша өсім бар. Арнайы онкологиялық аурухананы ашу мақсаты болды. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Орталыққа қажет құрал-жабдықтар Қарағанды облысының кезінде сатып алынған болатын. Алайда ғимараттың аяқталмауына байланысты әзірге тұрғындарымыз Қарағандыға барады. Қарағанды облысындағы әріптестеріміз бұрынғыдай қажетті көмектің бәрін көрсетіп отыр. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне де көтерген едік. Себебі көптеген арнайы құрал-жабдықты сатып алу қажет. Тиісті ғимаратсыз оларды орналастыра алмаймыз. Қолданыстағы ауруханаларға да қоя алмаймыз", - деп жауап берді Берік Әбдіғалиұлы.

Аймақ басшының айтуынша, жосықсыз мердігердің кесірінен жөндеу жұмыстары уақытында бітпеген.

"Жөндеу жұмыстары 2 жыл бұрын басталған еді. Бүгінде бұл мәселе сот арқылы шешіліп жатыр. Келесі жылы жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл құрылыс жұмыстары емес екенін атап өту керек", - деп жалғастырды спикер.

Берік Әбдіғалиұлы өңірде облыстық деңгейдегі балалар ауруханасы, неврологиялық орталық, онкологиялық диспансер жоқ екенін баса айтты.

"Олар кезінде қысқартылған. Қазір бұл бағытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отыр. Тіпті облыстық маңызы бар перинаталды орталық та жоқ. ДСМ-ге жүгіндік, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Заманауи перинаталды орталықты ашу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаттама аяқталған соң, келесі жылы қаражат бөлінуі тиіс", - деді Ұлытау облысының әкімі.

Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, екі жылдың ішінде өңірде 25 денсаулық сақтау нысаны салынады. Тағы 8 нысанда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу