"Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасы биылғы шілде-тамыз айларында қайта басталуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ұмай" ипотекасын қайта қосу жоспарымызда бар. Біз қазір Азия даму банкімен меморандумға қол қойдық. Бүкіл ресми құжаттарға қол қойып жатырмыз. Жоспарымыз бойынша 90 млрд теңгенің 50 пайызы – "Жасыл ипотека", 50 пайызы – "Ұмай" ипотекасы. Осылайша максималды сомасы – 45 млрд теңге. Бәрі күтіп отыр. Инстаграмда да осы бағдарлама қашан басталады деп жазып жатыр", – деді Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, Азия даму банкі биржаға шығып, теңгемен облигация шығарады.
"Содан 16 пайызы болса, біз 17 пайыздан береміз. Біз қазір күтіп отырмыз. Шілде, тамыз айынан бастаймыз", – деді Отбасы банк басшысы.