Президент: Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды

245

Биыл елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толды.

Президент: Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Сондай-ақ бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отыр. Сол науқанның түрлі салдары болғанын білесіздер. Соған қарамастан ауыл шаруашылығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді", – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Президент еліміз әлемдегі бидай экспорттайтын 10 елдің қатарына кіретінін айтты.

"Жаңа ғана арнайы көрмені араладық. Отандық өнімдеріміздің сапасы жоғары, көбі экспортқа шығарылып жатыр. Бұл – зор жетістік. Қазақстан Егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады. Біз бидай экспорттайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш басындағы елдің біріміз.

Биыл түрлі қиындыққа қарамастан, қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терімде 26,7 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Шын мәнінде диқандарымыз тамаша нәтижеге жетіп отыр. Құттықтаймын және баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін!", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу