Үнді кәсіпкерлері Қазақстан жеңіл өнеркәсібін дамытуға күш салмақ

886

Үнді кәсіпкерлері Қазақстан жеңіл өнеркәсібін дамытуға күш салмақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тоқыма өнеркәсібін дамыту бойынша құрылған қазақ-үнді жұмысшы тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жұмысшы тобының Шымкент қаласында өтетін 4-отырысының жоспарлары талқыланып, екі жақты экономикалық байланыстың жай-күйі сөз болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы Үндістан жеңіл өнеркәсіп министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата мырзаға өңірдің экономикалық даму барысы мен инвестициялық тартымдылығын баяндады.

"Біздің өңірде мақта шаруашылығы жақсы дамыған. Облысымызда "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда тігін цехтары мен фабрикаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ендігі мәселе – жеңіл өнеркәсіпті дамытуда Үндістанмен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды бірлесіп іске асыру. Бұл ретте өңірде шетелдік инвесторларға барлық қолдау жасалады. Өнеркәсіпке қажетті жер телімі беріліп, барлық инфарқұрылым қажеттілігімен қамтамасыз етеміз", – дейді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінгі таңда облысымыздағы жеңіл өнеркәсіпте кәсіпорындардың 80 пайыздан астамы шағын және орта бизнес субъектілері. Өңірде жыл сайын 400-450 мың тонна шитті мақта жиналады, табиғи шикізаттан жасалған өнімге сұраныс та мол. Осы және өзге де мүмкіндіктерге қаныққан қонақтар жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген өңір кәсіпкерлерін 30 маусым күні Үндістанда өткелі отырған ірі жермеңкеге қатысуға шақырды.

"Жұмысшы тобының негізгі мақсаты – Қазақстан мен Үндістан арасындағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы қарым-қатынас пен сауда экономикалық байланысты нығайту. Бүгінгі таңда Үндістанда жеңіл өнеркәсіптің жылдық сауда айналымы – 140 млрд АҚШ доллары. Үндістан тоқыма, мақта, мата өнімдерін өндіретін мыңға жуық компанияның фабрикалары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бұл сапарымыз жемісті және нәтижелі болады деп сенемін", – дейді Үндістан жеңіл өнеркәсіп министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата.

Айта кетейік, қазақ-үнді жұмысшы тобы 2008 жылы құрылған болатын. Алдағы жылы 10 жылдығын атап өткелі отырған топтың оңтүстіктегі сапары 2 күнге жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу