Үндістан бетперде киюге шақырады, Қытайдағы ауруханалар толы. Ковидтің жаңа толқыны?

561

Үндістан билігі азаматтарды қайтадан ковидтік шектеулерді, соның ішінде бетперде киюді сақтауға шақырады. 

Үндістан бетперде киюге шақырады, Қытайдағы ауруханалар толы. Ковидтің жаңа толқыны? Фото: www.bbc.com

Мұндай әрекетке көршілес Қытайдағы індетті жұқтыру жағдайларының көбеюі себеп болса керек, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Соңғы апталарда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Бейжіңдегі және Қытайдың басқа қалаларындағы ауруханалар науқастарға толы.

Қытайдағы жағдайдың күрт нашарлауы екі апта бұрын халық наразылығы салдарынан ковидтік шектеулердің алынып тасталуымен байланысты.

Пандемия кезінде Қытай басқа елдер сияқты вакциналарға емес, "нөлдік ковид" саясатына сенім артты, тіпті бір-екі жағдай тіркелсе де, билік бірнеше миллион тұрғыны бар қаланы локдаунға кенеттен жабуы мүмкін еді.

Шамасы, Қытайда бұл BF.7 - "Омикронның" қосалқы нұсқасы тудырған Covid-19 тарала бастаған. Ел билігі жұқтыру жағдайларының көптігіне қарамастан, қаза тапқандар аз екенін хабарлады.

"Біз бірнеше апта бойы вирустың бұл нұсқасы өте жұқпалы екенін айтып келеміз және оны тек денсаулық сақтау шаралары мен әлеуметтік шараларды қолдану арқылы толығымен тоқтату қиынға түспек. Жалғыз шешім - вакцинация", - дейді ДДҰ Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Майкл Райан.

Қытайда бұған дейін шетелде өндірілген РНҚ вакциналары қолданылмады, ал жергілікті вакцинаның тиімділігі төмен болып шықты. Тек, міне, жақында - сәрсенбі күні Қытай алғаш рет елге шетелдік вакцинаны жеткізуге рұқсат берді - неміс Pfizer/BioNTech бірінші партиясы келді. Оның өзі 20 мың неміс эмигранттарға арналған.

Қытайдағы жағдай туралы хабарлар көрші Үндістан тұрғындары арасында алаңдаушылық туғызды.

Үндістанның Денсаулық сақтау министрі Мансух Мандавия үкімет ковидтің жаңа нұсқаларды мұқият қадағалап отырғанын айтты және Үндістан штаттарының билігіне Денсаулық сақтау министрлігі аккредиттеген зертханада ковидке оң нәтиже берген барлық пациенттердің сынамаларын жіберуді ұсынды.

Билік сақтық шарасы ретінде үндістандықтарды қайтадан қашықтықты сақтауға, бетперде киюге, қолды жиі жуып, вакцина алуға шақырды.

Ал Ресейдегі ауруханаларға түскен өтініштер саны рекордтық деңгейге жеткен. Сәрсенбіде Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада ауруханаға жатқызылған балалар санының рекордтық көлемі тіркелгенін айтты. Алайда мұндай өзгерістер ковидке емес, көбіне шошқа тұмауымен байланысты. Сондықтан Ресейде эпидемиологтар коронавирустың жаңа толқыны болмайтынын айтады, қазіргі жағдай салыстырмалы түрде тұрақты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу