Үндістан мен Қазақстан жасанды интеллект арқылы инклюзивті өсімді ілгерілетпек

143

2026 жылғы 19–20 ақпанда Нью-Дели қаласында "Sarvajan Hitaya, Sarvajan Sukhaya – Баршаға игілік, баршаға бақыт" тақырыбымен Жасанды интеллект саммиті өтеді. 

Үндістан мен Қазақстан жасанды интеллект арқылы инклюзивті өсімді ілгерілетпек Фото: Peshkova / iStock

Халықаралық алаңда жасанды интеллектіні этикалық, инклюзивті және адам игілігіне бағытталған қағидаттар негізінде дамыту мәселелері талқыланады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Үндістанның Қазақстандағы Елшісі Я.К. Сайлас Тангалдің айтуынша, жасанды интеллект бүгінде жаһандық дамудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Оның пікірінше, AI түпкі мақсат емес, керісінше адам әлеуетін кеңейтетін тиімді құрал.

Елшінің сөзінше, жауапты әрі дұрыс басқарылған жасанды интеллект экономикаларды жаңғыртуға, мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және әлеуметтік маңызы бар күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында AI диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттырса, білім беру жүйесінде оқу үдерісін инклюзивті етіп, жаңа дағдыларды меңгеруге жол ашады. Ал мемлекеттік басқаруда ашықтықты күшейтіп, шешім қабылдау сапасын жақсартады.

Сонымен қатар, жасанды интеллектке негізделген технологиялар климаттың өзгеруімен күресуге, энергия тиімділігін арттыруға, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және "ақылды" инфрақұрылым қалыптастыруға ықпал етеді.

Я.К. Сайлас Тангал Үндістан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты білім беру, ғылыми зерттеу, денсаулық сақтау және инновация салаларында тереңдетудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жоғары оқу орындарында жасанды интеллект пәндерін енгізу арқылы цифрлық болашаққа дайындықты күшейтсе, Үндістанның ғылыми-зерттеу әлеуеті мен кадр даярлау тәжірибесі бұл бастамаларды тиімді толықтыра алады.

Елші екі елдің серіктестігі тек екіжақты деңгеймен шектелмей, өңірлік және жаһандық ауқымда да инклюзивті даму мен технологияларды жауапты басқаруға бағытталған ортақ ұстанымдарды қалыптастыруға үлес қоса алатынын айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу