Үндістан Пәкістанмен сауда байланысын үзе бастады

217

Көрші екі елдің араздығы одан әрі күрделенуде. Үндістан Пәкістанда өндірілген немесе сол арқылы транзитпен жеткізілетін тауарларды әкелуге тыйым салды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үндістан Пәкістанмен сауда байланысын үзе бастады Фото: bbc.co.uk

Үндістан үкіметінің Сыртқы сауда департаменті таратқан хабарламада "Пәкістаннан шыққан немесе одан экспортталатын барлық тауардың тікелей немесе жанама импортына немесе транзитіне келесі хабарлама келгенге дейін тыйым салынады" делінген.

Хабарлама 22 сәуірде Джамму мен Кашмирдегі танымал туристік қала – Пахалгамда қарулы адамдар оқ жаудырған лаңкестік әрекеттен кейін Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейген тұста жасалды.

Әскери киім киген адамдар автоматпен бейбіт тұрғындарға оқ атқан. Салдарынан 25 үнді азаматы мен 1 непалдық қаза тапты. Қылмыскерлер оқиға орнынан қашып үлгерген. 

Лаңкестік әрекеттен кейін Үндістан Исламабадтағы елшілігіндегі адамдар санын екі есеге дерлік қысқартты, Пәкістан дипломатиялық миссиясының әскери кеңесшілерін персона нон грата деп жариялады және шекарадағы маңызды "Аттари" бақылау бекетін жапты.

Үндістан билігі де Исламабадпен суды бөлісу туралы келісімді және Пәкістан азаматтарына виза беруді тоқтатты.

Полицияның мәліметінше, шабуыл жасады деген 4 адамның үшеуі анықталды. Екеуі Пәкістан азаматы және біреуі Үндістан басқаратын Кашмир азаматы. Төртіншісі туралы әзірге ақпарат жоқ. Тірі қалғандардың көбі содырлардың үнділік азаматтарды арнайы нысанаға алғанын айтқан.

Шабуылға жауапкершілік Пәкістандағы "Лашкар-е-Тайба" ұйымымен байланысы бар Resistance Front деп аталатын шағын топқа жүктелді. Алайда кейінірек топ өкілдері өздерінің шабуылға қатысы барын жоққа шығаратын мәлімдеме жасаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу