Үндістанда бүкілхалықтық санақ басталып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жан-жақты қамтитын ірі статистикалық науқан іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл – Үндістанның 1947 жылғы тәуелсіздігінен кейінгі сегізінші халық санағы. Зерттеу барысында тұрғын үй жағдайы, инфрақұрылымға қолжетімділік, білім беру деңгейі, жұмыспен қамту, көші-қон және демографиялық көрсеткіштерді қамтитын 33 сұрақ қойылады.
Ауқымды науқан 36 штат пен федералды аумақтарды, 7000-нан астам әкімшілік бірлікті, 9700-ден астам қаланы және шамамен 640 мың ауылды қамтиды. Далалық жұмыстарға мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер мен жергілікті билік өкілдері тартылған.
Сарапшылардың пікірінше, бұл санақ елдегі халықтың өмір сүру деңгейі мен әлеуметтік құрылымы туралы толық көрініс береді. Ашока университетінің экономисі Ашвини Дешпанде оның ел дамуын жоспарлаудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Биылғы санақ алғаш рет толық цифрлы форматта өтуде – деректер арнайы мобильді қосымшалар арқылы жиналады.
Жоба екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде тұрғын үй мен мүлікке қатысты мәліметтер жиналса, екінші кезең 2027 жылдың ақпанында өтіп, демография, білім беру, көші-қон және туу көрсеткіштері нақтыланады.
Айта кетейік, Үндістандағы соңғы халық санағы 2011 жылы өткен. Ал 2021 жылғы санақ пандемия мен әкімшілік себептерге байланысты кейінге шегерілген болатын. БҰҰ дерегінше, 1,4 миллиардтан асқан халқы бар Үндістан 2023 жылы Қытайды басып озып, әлемдегі ең көп халық саны бар елге айналды.